Алматы мен Атырауда ауаның ластану деңгейі артады

Автор: Дәулет Ботагөз

Синоптиктер тұрғындарға ашық ауада ұзақ жүрмеуге кеңес берді

Фото: © freepik.com

9 қараша күні Алматы мен Атырау қалаларында ауаның ластану деңгейі жоғарылайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Метеорологтардың мәліметінше, бұл күні қолайсыз метеожағдайлар (штиль, әлсіз жел, тұман, инверсия) байқалады, олар зиянды заттардың ауада жиналуына ықпал етеді.

Қолайсыз метеожағдай деген не?

Қолайсыз метеожағдайлар – атмосферада зиянды бөлшектер мен түтіннің таралуына кедергі келтіретін табиғи факторлардың үйлесімі. Мұндай кезде ауа қозғалысы баяулап, ластаушы заттар жерге жақын қабатта шоғырланып, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді.

Синоптиктердің кеңесі

Мамандар жол бойында, өндіріс маңында немесе көп көлік жүретін аудандарда ұзақ болмауға кеңес береді.

Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар азаматтарға қажетті дәрі-дәрмектерін өздерімен алып жүру ұсынылады.

Сарапшылардың пікірінше, қала экологиясына әсер ететін негізгі факторлар – көлік тығыздығы мен өндірістік шығарындылар.