Қазақстанда көлік алу жеңілдейді

Автор: Алмас Ерсін

Несиенің жылдық мөлшерлемесін 10 пайыздан асырмау шаралары қаралып жатыр

Фото: istockphoto.com

Желтоқсанның 1-нен бастап автолизинг бағдарламасы іске қосылады. Оның шарттары да белгілі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша тиімді мөлшерлеме 10 пайыздан аспауы керек. Ал несие мерзімі көліктің маркасы мен шыққан жылына қарай өзгеріп отырады.

Жаңа бастама азаматтарға көлікті лизингке алып, кейін оны сатып алу немесе кері қайтару мүмкіндігін береді. Бұл механизм жеңілдетілген автонесие бағдарламаларына балама ретінде қарастырылып отыр.  

«Автонесиеге берілетін көліктерді қазіргі құнынан бірнеше есе қымбаттатып жіберсе, әрине, халыққа тиімсіз болады. Егер сіз көлікті алсаңыз, оны кемінде 3-5 жылдан кейін сатып алу керек. Және жол көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру компаниялары жартылай немесе толықтай көлік құнын өтей ала ма, жоқ па? Осы айтылған талаптар халыққа тиімді болса, әрине, автолизинг тиімді», - дейді автосарапшы Санат Нұрбаев.

Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген қағидалар жобасына сай лизинг мерзімі көлікті пайдалану уақытының 75 пайызынан кем болмауға тиіс. Халықаралық тәжірибе бойынша бұл шамамен 5-6 жылдың маңайы.

«Бүгінде әлем елдерінің 80 пайызында халық автокөлікті лизинге алады. Оларда алғашқы жарна жоқ. Бізде де енгізілмеуі тиіс», - дейді Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков.

Ал несиенің жылдық мөлшерлемесін 10 пайыздан асырмау шаралары қаралып жатыр екен. Транспортты сақтандыру мәселесі де назарға алынған.

«Бұл лизингтің классикалық талаптары. Ол міндетті түрде бізде де сақталуы керек. Қазақстанда отырып, лизингтің басқа бір нұсқасын ашу керек емес. Дүниежүзінде бар нәрсе. Негізгісі біз халыққа қолжетімді көлік жасауымыз керек», - деп толықтырды депутат.

Тағы бір айта кететін жайт, лизинг берушінің алатын сыйақысы көлік құнының 46 пайызынан аспауы керек. Яғни, сақтандыру, техникалық және басқа да қызметтің шығындары осы 46 пайыздың ішінде болуы шарт. Ал лизингтің артықшылықтары - ай сайынғы төлем бірте-бірте азаяды, көлік салығын, басқа да алымдарын төлемейсіз, оны лизинг берушінің өзі өтейді.

Рәсімдеу кезінде кепілзат талап етілмейді, төлем кестесі икемді келеді, сондай-ақ машинаны сатып алуға міндеттемейді. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған соң басқа автомобильге жаңа шарт ресімдеуге болады. Кемшіл тұстары да бар, мәселен, автокөлік сіздің меншігіңіз болмағандықтан, оны басқа біреуге сата алмайсыз. Көлік құнын мерзімінен бұрын өтеп тастай алмайсыз.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5 млн 574 мың автокөлік тіркелген. Соның 80 пайызы 10-20 жылдан бері жүрген ескі көліктер. Яғни, 2,5 млн жүргізушінің бастапқы жарнасын төлеп, несиеге көлік алуға мүмкіндігі жоқ. Автолизинг осы мәселені шешуге септесуі тиіс, дейді мамандар.