Павлодар облысында бір айда 30-ға жуық адам есірткімен ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Бір айда 361 кг есірткі табылды

Фото: Видеодан скрин

Биыл 1 маусымнан 31 қазанға дейін Павлодар облысы аумағында республикалық ведомствоаралық жедел-профилактикалық «Қарасора-2025» операциясы жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Іс-шараның мақсаты – табиғи тектес есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ есірткі құрамдас жабайы өсімдіктердің заңсыз егістері мен өсу ошақтарын анықтап, жою. Операция барысында 120 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды, оның 48-і «аса ауыр» және «ауыр» санатқа жатады», – деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Бұл санаттағы қылмыстарды жасағаны үшін 29 азамат ұсталды. Заңсыз айналымнан жалпы 361 кг есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 3 кг – синтетикалық есірткі, 357 кг – каннабис тектес заттар.

Мысалы, Павлодар қаласында 61 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз ауласында жылыжай орнатып, есірткі құрамдас өсімдіктер өсірген. Тәркіленген қарасора өсімдіктерінің саны – 150 түп, салмағы 30 кг-дан асады.

Азаматтардың жер учаскелерін тексеру барысында есірткі құрамдас жабайы өсімдіктердің өсуінің 745 фактісі анықталды. Оларды жою бойынша шара қолданбағаны үшін 18 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мониторинг нәтижесінде есірткі туралы тыйым салынған ақпаратты таратуға пайдаланылған 921 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.