«Мемқызметшіден 10 млн теңге бопсалады»: Шымкентте блогер ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол ақша берілген жағдайда меморгандардың қызметін қаралайтын материалдарды таратпауға уәде берген

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте жедел-іздестіру іс-шаралары барысында шенеуніктен ақша бопсалаған блогер-журналист ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті әкімдік қызметкерінен 10 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Ол бұл сомаға әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың қызметін қаралайтын материалдарды таратпауға уәде берген.

Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында күдіктінің тұрғылықты жері мен кеңсесінде тінту жүргізіліп, нәтижесінде электрондық құрылғылар мен өзге де заттай айғақтар тәркіленді.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Полиция бопсалау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын заңға қайшы әрекет екенін ескертеді», – делінген ПД хабарламасында.