Павлодарлық «Хатико» бостандыққа шыққан иесін қақпа алдынан күтіп алды
Павлодарда жүректі елжіретер оқиға болды. Ұрлық жасап сотталған Иван жазасын өтеп, рақымшылыққа ілігіп бостандыққа шыққан сәтте, мекеме қақпасының алдында оны төртаяқты досы – Тайсон күтіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Ал Иван қуаныш пен сағынышын жасыра алмай, көз жасына ерік берді де, сүйікті итін құшағына қысты. Сол сәт – нағыз адалдық пен сүйіспеншіліктің символына айналды», - деп жазылған хабарламада.
Иванның айтуынша, дәл осы Тайсон туралы ойлар оған үміт сыйлап, өмірін қайта бағалауға түрткі болған. Жазасын өтеу кезінде ол еңбек пен тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысып, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Мекеме әкімшілігі оның оң өзгерістерін атап өтіп, қоғамға қайта бейімделуге дайын екенін жеткізді. Бүгінде Иван мен Тайсон жаңа өмірдің парағын бірге ашты. Алда оларды сынақтар да, үміт те күтіп тұр. Бірақ ең бастысы – олар енді жалғыз емес.
Еске сала кетейік, бұған дейін Абай облысында түрменің алдында ерлі-зайыпты бір-бірін құшақтап, көз жасына ерік берген болатын. Алаяқтық үшін жазасын өтеген 26 жастағы әйелді Жетісу облысынан арнайы келген сүйікті жары күтіп алды.