Астанада мас судья көлік жүргізді: іс материалдары Бас прокуратураға жолданды

Автор: Алмас Ерсін

Ішкі істер министрлігі осындай мәлімдеме жасады

Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мас кезінде көлік жүргізгені үшін судья қамауға алынғанын растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тың ақпарат жарияланды

Оқиға 1 қарашада шамамен таңғы сағат 4:30-да Астанадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығына қарама-қарсы бетте болды. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша полиция қызметкерлері азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы жүргізген Mazda 6 көлігін тоқтатқан.

Тергеу кезінде жүргізушінің мас екені және оның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталды.

«Бұл факт бойынша материалдар заңда белгіленген тәртіппен судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Жоғары сот кеңесіне ұсыныс енгізу мақсатында Бас прокуратураға жолданды», — деп нақтылады ведомство өкілдері.

Еске сала кетейік, оқиға туралы ақпарат алғаш рет өткен апта соңында желіде жарияланды. Ол кезде соттың баспасөз қызметі іс материалдары әлі түспегенін хабарлады.

Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды, тергеу жүргізіліп жатыр.