«Дүниеде оңбаған мен ғана шығармын»: Бағлан Әбдірайымов кімнен ұялатынын айтты

Автор: Алмас Ерсін

Әнші ата-анасына ең болмаса әжетхананы дұрыстап соғып бермегені үшін өкінді

Фото: видеодан скриншот

«Жігіттер» тобының солисі Бағлан Әбдірайымов осы уақытқа дейін жақындарына еш жақсылық жасай алмағанын айтып, өкініш білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Дүниеде оңбаған мен ғана шығармын. 20 жыл сахнада жүріп, әкеме жаңа көлік әпермедім. Ұят па? Ұят! Біздің ауылдың қысы қатты. Үйдегі әжетхананы дұрыстап соқпадым. Ұят па? Ұят. Жақсы үй соғып бермедім. Ұят па? Әке-шешемді шетелге апармадым. Ұят па? Ұят! Осы кезге дейін не істеп жүргенмін?», - деп өкінді әнші.

Ол қазір бастаған жұмысы әжептәуір нәтиже беріп жатқанын атап өтті.

«Алланың разылығын алу үшін ата-ананың разылығын алу керек. Сондықтан адасып жүрген балалар болса, есін жиса екен. Әке-шешеден артық байлық жоқ. Отбасыдан артық байлық жоқ. Кеш болмай тұрғанда соның қадіріне жетсе екен», - деп тілегін білдірді Бағлан Әбдірайымов.

Еске сала кетейік, Бағлан Әбдірайымов құмар ойынға 500 мың доллар салып жібергенін айтқан болатын. Айтуынша, ол өзін тоқтатудың түрлі жолдарын қарастырған.

«Сол тізіліп тұрған бүкіл ғимараттың бәріне кіріп: «Маған келесі келген кезде кіре алмайтындай етіп есікті жабыңыздар», – деп өтініп, аралап шықтым. Бұл әрекетім арқылы олар есігін жапты ма, жоқ па, білмеймін, бірақ санамның есігін осы әрекетіммен ақырындап жаптым», – деді Бағлан.