$ 530.47  613.75  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өскеменде хоккейшінің өліміне кінәлі адам сот залынан босатылды

Ол рақымшылыққа ілігіп, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасынан босатылды

Өскеменде хоккейшінің өліміне кінәлі адам сот залынан босатылды
Фото: Instagram.com/hctorpedokz

Өскеменде сот 19 жастағы хоккейші Иван Пыленоктың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалына сәйкес, 2024 жылдың 2 тамызында «Александров атындағы спорт сарайының» фойесінде Иван мен сотталушы Л. арасында жанжал туындаған. Ол сол қолымен Иванның мойнын оң жағынан қысып ұстап, біраз уақыт бойы күш қолданып, босатпауға тырысқан. Хокейші өздігінен босануға әрекет жасағанымен, оған мүмкіндік болмаған.

«Кейін оларды ажыратып алған соң, Иванның жағдайы күрт нашарлап, ол есінен танып құлап түскен. Ол ауруханаға жеткенше көз жұмған», -деп жазылған хабарламада.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, Иванның өліміне мойынның рефлексогендік аймағына жабық, доғал жарақат түсуі салдарынан жүрек қызметінің рефлекторлық тоқтауы себеп болған.

Иванның өліміне не себеп болды

Істегі дәлелдемелер жиынтығын бағалай келе, сот Л.-ның іс-әрекетінде ҚК-нің 389-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар Л.-ның әрекеті мен Иванның өлімі арасында себеп-салдар байланысы бар екені дәлелденді. Іс мән-жайларына сүйене отырып, сот Л.-ның әрекетінде абайсызда адам өліміне әкелген қылмыстық немқұрайлық бар деп таныды.

Мемлекеттік айыптаушы Л.-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Жәбірленушілер мен олардың өкілдері Л.-ның әрекетін ҚК 106-бабының 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын салу) қайта саралауды сұрады. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл негіздерді қарастырмай, өз ұстанымында қалды.

Сот шешім шығарды

Сот Л.-ның Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Аталған бап шағын ауырлықтағы қылмыс санатына жатады және 3 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот Л.-ның кәмелетке толмаған қызының бар екенін және оның алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын ескерді.

«Жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың арақатынасына сәйкес, сот ең жоғары жаза мөлшерінің жартысын ғана тағайындай алады. Осыған байланысты Л.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді», - дейді сот.

Рақымшылыққа ілікті

2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық туралы» заңының 2-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, Л. 1 жыл 6 ай мерзімге кесілген жаза түрінен босатылды.

Жәбірленушілердің моральдық зиянды және өкілдік шығындарды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Материалдық зиян өтелген жоқ.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары