Жастарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері мен заң нормалары түсіндірілді
Алматы қаласында тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Тұтынушылардың құқығын қорғау» әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба Алматы қалалық «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен, Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ағымдағы жылдың сәуір-қазан айлары аралығында жүзеге асты.
Жоба аясында Алматы қаласындағы 12 жетекші оқу ордасында 1000-ға жуық студент қатысқан дәрістер мен семинарлар өткізілді. Жастарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері мен заң нормалары, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.
«Жастардың құқықтық сауаттылығы мен білімінің артуы - біз үшін аса маңызды. Бұл жобаның мақсаты - тек қана заңдарды түсіндіру емес, жастарды тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Әрбір жас азамат өз құқығын қорғап, әділ сауда мен сапалы қызметті талап етуге мүмкіндік алуы тиіс», - деді Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек.
Алматы қаласының 50 сауда нысаны мен қоғамдық орындарында өткізілген ақпараттық акциялар ауқымды болды. Осы акциялар арқылы 2000-нан астам тұрғынға тұтынушылардың құқықтары мен әділ нарық қағидалары туралы кеңестер берілді. Бұл шаралардың басты мақсаты - азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, тұтынушының құқықтарын қорғау жолдары туралы хабардар ету болды.
Жобаның ұйымдастырушылары Алматы тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды әділ нарық қалыптастыру үшін маңызды қадам деп санайды. Олар қоғамды жаңа заңнамалық өзгерістер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тәсілдері туралы тұрақты түрде ақпараттандыруды мақсат етіп қойған.