27 маусымнан бастап Қызылордада карантин күшейтіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Жексенбі күні демалыс парктері, барлық сауда үйлері мен базарларда «санитариялық күн» болады

Фото: ашық дереккөзден

27 маусым түнгі сағат 12-ден бастап Қызылорда қаласында карантин режимі күшейтіледі. Бұл жөнінде Қызылорда облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қызылорда қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қызметі дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 22:00-ден кейін шектеліп, жексенбіде мүлдем тоқтайды. Мұндай орындардың қатарында демалыс парктері, аллеялар, субұрқақтар, жағалаулар мен жағажайлар, аквапарктер және және өзге де серуендеу орындары бар. Сондай-ақ, жексенбіде қоғамдық көлік 10:00-18:00 аралығында ғана қатынайды. Бұл ретте жолаушылар саны көліктегі орындықтар санынан аспауы тиіс. Облыс орталығында білім беру орталықтары, үйірмелер, факультативтер секілді мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары қызметін тоқтатады.

«Тағы бір айта кетерлігі, әрбір сенбі және жексенбі күндері барлық қоғамдық тамақтану орындары қызмет атқармайды. Бұл күндері олардың жұмысы клиенттерге жеткізіп беру бойынша жүргізіледі. Ал әрбір жексенбі күні демалыс парктері мен аквапарктерде, барлық сауда үйлері мен базарларда, бөлек тұрған сауда нысандарында дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, «санитариялық күн» есебінде жабылады. Ал 27 маусым мен 6 шілде аралығында бильярд, букмекерлік және лото-мото конторалары, ойын-сауық орталықтары, балалардың ойын алаңдары, компьютер клубтары, спорт кешендері (үйірмелер, секциялар) қызметін тоқтатады. Әуежай, теміржол және автовокзалдардың басшылары қала аумағындағы теміржол, автовокзалдар, әуежай, аудан және қалааралық бағыттағы қатынас құралдарының бекеттерінде шығарып салушы және күтіп алушы тұрғындарды шектеуге назар аударатын болады. Бұл қаулы 2020 жылы 27 маусым 00 сағат 00 минут бастап күшіне енеді», - деді облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері.