Қаланың жыл санап өсуі құрылысшылардың еңбегі - жұмысшы маман
Ол құрылыстағы еңбек жолын айтып берді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы бұл шешім арқылы қолданбалы және техникалық бағыттағы мамандардың ел экономикасын дамыту мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы үкімет жұмысының басым бағыты, себебі ол әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгін біз елорданың қарқынды дамып келе жатқан құрылысына үлес қосып жүрген маман Олжас Кожинмен тілдестік. Ол Ақмола облысы, Есіл ауданына қарасты Калачи ауылында туып-өскен. 9-сыныпты аяқтаған соң Целиноград ауданының Софиевка ауылына қоныс аударып, орта білімін сонда тәмамдаған. Кейін «Қонақ үй және мейрамхана ісі» мамандығы бойынша колледжде білім алады.
«Колледжді бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге бардым. Қызметтен соң елордаға келіп, құрылыс бағытындағы жеке компаниялардың біріне жұмысқа орналастым. Осылайша, менің еңбек жолым осы саламен тығыз байланысып кетті. Біраз уақыт жұмыс істеген соң, кәсіби деңгейімді арттыру үшін Көкшетаудағы университетке оқуға түстім», – дейді Олжас.
Оның айтуынша, алғашқы еңбек жолын слесарь болып бастаған. Алты айдан соң учаске шебері, бір жылдан кейін жұмысты өндіруші лауазымына дейін жоғарлаған.
«Біздің компания сыртқы инженерлік жүйелерді тартумен айналысады. Яғни, тұрғын үйлерге су мен кәріз жүйесін орнату, жол бойына су магистральдарын жүргізу біздің міндетіміз. Бұл жұмыс ауа райын талғамайды. Қыстың қақаған аязында да, жаздың ыстығында да далада жүреміз. Сол себепті төзім мен шыдамдылық ең басты қасиет», – дейді маман.
Олжас Маратұлының айтуынша, оның қарамағында төрт адамнан тұратын тұрақты жұмыс тобы бар.
«Жұмыс өндірушісі ретінде мен әр учаскедегі істің барысын бақылаймын. Қай жерге құбыр тартылатынын, қандай жұмыстар атқарылатынын реттеймін. Бұл – қауіп-қатері жоғары сала. Сондықтан әр таң сайын қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, техникалық нұсқама жүргіземіз. Терең қазылған шұңқырда жұмыс істейтін болғандықтан, арнайы киім, каска және қорғаныс құралдары міндетті», – дейді ол.
Маман кейде күтпеген жағдайлар болатынын да жасырмайды.
«Кәріз жүйесі жарылып, су құбыры тесіліп кеткен сәттерде біз бұл іске жай жұмыс деп қарамаймыз. Өйткені бұл – адамдардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Жақында осындай оқиға кезінде таңғы сегізде жұмысқа кетіп, келесі күні таңғы алтыда ғана үйге оралдым. Себебі істі тоқтатпай, бір тәулік бойы қазба жұмыстарын жалғастыруға тура келді», – дейді Олжас.
Оның айтуынша, жұмыс тек физикалық күшті ғана емес, ой еңбегін де талап етеді.
«Менің міндетім – тек учаскедегі жұмысты қадағалау емес, сонымен қатар күнделікті есеп жүргізу, жұмыс кестесін жасау, актілерге қол қою. Әрбір қадам құжатпен расталады. Сонымен бірге техника қауіпсіздігі мен жұмысшылардың амандығы да менің жауапкершілігімде», – дейді маман.