AZAL ұшағы Санкт-Петербургтен шыға сала қайта қонуға мәжбүр болды
Зардап шеккендер жоқ
Бакуге бағыт алған «Әзербайжан әуе жолдары» (AZAL) компаниясының ұшағы Санкт-Петербург әуежайына қайта оралып, сәтті қонды. Оқиға кезінде зардап шеккендер жоқ, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мәліметке сәйкес, Airbus A320 ұшағы Санкт-Петербург – Баку бағытындағы J2-020 рейсін орындау кезінде командир техникалық себепке байланысты шассидің жұмысына қатысты ақау анықталған соң, қауіпсіздік мақсатында Пулково әуежайына оралу туралы шешім қабылдаған.
Барлық қауіпсіздік рәсімдерін сақтау үшін экипаж қажетті шараларды мұқият орындап, қону алдында жанармайды толықтай азайтқан.
Ұшақ Баку уақытымен 04:43-те Пулково әуежайына сәтті қонды. Қону кезінде әуе кемесі ұшу-қону жолағынан аздап шығып кеткенімен, ешқандай зақым келмеген. Барлығы 155 жолаушы дер кезінде эвакуацияланып, ешкім зардап шеккен жоқ.
Жолаушыларды Санкт-Петербургтен Бакуге жеткізу үшін компания басқа ұшақты жіберді.
«Azerbaijan Airlines жолаушыларға сабырлық пен түсіністік танытқандары үшін ризашылығын білдіреді, сондай-ақ Пулково әуежайының қызметкерлеріне кәсіби және үйлесімді әрекеттері үшін алғыс айтады», - деп мәлімдеді компания өкілдері.
Еске салсақ, AZAL әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсан күні Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалған еді.
Апатқа қатысты тергеуді Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) конвенциясына сәйкес Қазақстан жүргізіп жатыр. Тергеуге Әзербайжан, Ресей және Embraer компаниясының өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысып жатыр.