Атырауда туды теріс іліп қойған
Жергілікті тұрғындар кінәлілерді жазалауды талап етіп жатыр

Атырау қаласының орталығында таңғаларлық оқиға болды: облыстың басты тутұғырындағы мемлекеттік ту теріс ілінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Қатенің суреті әлеуметтік желіде тарап кетті
Қате ілінген тудың суреттері қала чаттары мен әлеуметтік желілерде тез тарады. Бұл оқиғаны мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік деп бағалаған атыраулықтар ашуға булықты.
Куәгерлердің айтуынша, қате түзетілгенге дейін ту бірнеше сағат бойы теріс ілініп тұрған.
«Мен көлікпен келе жатып, тудың дұрыс ілінбегенін байқадым. Қазір түзетеді деп ойладым, бірақ көпке дейін сол күйінде тұрды», - дейді Атырау тұрғыны.
Тұрғындар кінәлілерді жазалауды талап етіп жатыр
Қала мен облыстың символы саналатын тутұғыр қала әкімдігінің меншігінде. Алайда тұрғындар оның жағдайына ешкім бас қатырмайтынын атап өтті.
Әлеуметтік желідегі шудан кейін ту алынып тасталды. Дегенмен қолданушылар салғырттыққа жол берген адамдарды жазалауды талап етіп жатыр.
«Бұл жай ғана мата емес, елдің рәмізі. Мұндай нәрселерді елеусіз қалдыруға болмайды», - деп жазып жатыр тұрғындар.