Дәруменге зәру баланың ағзасында қандай өзгеріс болады
Дәрумен тапшылығын сыртқы белгілерден де байқауға болады

Балалардың тез шаршауы, оқу үлгерімінің төмендеуі мен жиі суық тиюі ағзаның дәрумендерге зәру екенін көрсететін белгі болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, ата-ана ең алдымен, баланың мінез-құлқы мен көңіл күйіндегі өзгерістерге назар аударуға тиіс.
«Бұрын белсенді болған оқушының кенеттен сабаққа қызығушылығы төмендеп, тез шаршап, ештеңеге зауқы соқпаса, бұл еріншектік емес, ағзаның әлсіреу белгісі болуы ықтимал», – дейді диетолог дәрігері Анна Басова.
Дәрігердің айтуынша, дәрумен тапшылығын сыртқы белгілерден де байқауға болады:
- терінің құрғауы, шаш пен тырнақтың сынғыштығы ағзада темірдің аздығынан хабар береді;
- жиі тұмаурату мен суық тию иммунитеттің әлсірегенін, яғни микроэлементтер жетіспейтінін көрсетеді.
Дәрігер ата-аналарға баланың жағдайын үнемі бақылап, алдын алу шараларын ұсынды. Ол үшін жылына екі рет жалпы қан талдауын тапсырып, педиатр кеңесін алу жеткілікті.
«Дәрумен жетіспеушілігінің басты белгілері – жалқаулық емес, ұзаққа созылған шаршау, оқу мен ойынға қызығушылықтың жоғалуы және сырт келбеттің өзгеруі. Мұндай жағдайда өз бетімен емделмей, маманға жүгінген дұрыс», – дейді дәрігер.