Елдің кей өңірінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады
19 қазан күні ел аумағының бірнеше өңірінде ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр мен қар жауады, кей жерлерде үсік жүреді. Бұл туралы «Қазгидромет» синоптиктері мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, батыс, солтүстік-батыс, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар жауады.
Елдің қалған аймақтарында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
«Республика аумағында желдің күшеюі күтіледі. Солтүстікте және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда тұман түсіп, көріну қиындайды», – делінген хабарламада.
Қызылорда облысында түнде 1–6 градусқа дейін үсік жүреді. Алматы облысының солтүстігінде түнде 1 градусқа дейін үсік байқалады.
Синоптиктердің айтуынша, бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Жоғары өрт қаупі күтілетін облыстар: Маңғыстау, Атырау (солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс), Ақтөбе (оңтүстік және шығыс), Жамбыл (орталық), Қызылорда (солтүстік және орталық), Алматы (батыс), Қостанай (оңтүстік-батыс), Ақмола, Ұлытау (шығыс және орталық), Абай (оңтүстік).
Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының кей бөлігінде өрттің аса жоғары деңгейі күтіледі.