Астанада такси жүргізушісі есірткі жасырып жүрген жерінен ұсталды
Оның көлігінен 50 түйіншек мефедрон табылды

Астанада есірткі жасырып кетіп жүрген 35 жастағы такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Такси жүргізушісінің автокөлігінен полицейлер шамамен 50 түйіншек мефедрон тәркіледі.
Белгілі болғандай, күдікті жолаушыларды тасымалдаумен қатар, интернет-мессенджерлер арқылы тапсырыс алып, «тауарды» жеткізіп отырған. Ол есірткіні алғаннан кейін қаладағы түрлі аудандарға такси тапсырыстары арасындағы үзілісте «жасырып» кеткен.
Барлық тыйым салынған зат тәркіленді. Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Полиция еске салады: есірткіні заңсыз сақтау, тарату және делдалдық жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында есірткі заттарын сақтау мен таратумен байланысты кез келген құқыққа қайшы әрекеттер заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылады», – делінген ПД хабарламасында.