Телефонын тауып алған ауылдасының осы қылмысқа барғаны анықталды
Абай облысының тұрғыны ұялы телефонын жоғалтамын деп жарты миллион теңгеден астам ақшасынан қоса айырылды. Ақшасын ұрлады деген күдік телефонын тауып алған ауылдасына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Аягөз аудандық полиция бөліміне 62 жастағы тұрғын белгісіз адамның оның банктік шоттарындағы ақшасын заңсыз аударып алғаны туралы арызбен жүгінген.
Тексеру барысында жәбірленушінің ұялы телефоны арқылы банк қосымшаларына кіріп, жалпы сомасы 574 мың теңге көлеміндегі қаражаттың аударылып кеткені анықталған.
«Аудандық криминалдық полиция мен учаскелік инспектордың үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмысқа күдікті – Аягөз ауданының 25 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Тергеу кезінде ол өз кінәсін толық мойындады. Белгілі болғандай, жәбірленуші бұрын телефонын жоғалтып алған. Ал оны тапқан ауылдасы құрылғыны пайдаланып, жәбірленушінің банктік шоттарынан басқа есепшотқа ақша аударып, кейін оны шығарып алып, жеке қажеттілігіне жұмсаған», — деп хабарлады ІІМ.