Қазақстанда 14 жоғары оқу орны «ReStart» экожобасына қатысып, 35 тонна пластик жинады
Олар бірлескен келісімге қол қойды

Азаматтық форум аясында ғылым және жоғары білім министрлігі, Жасыл экономика және даму коалициясы «ReStart» бірлескен жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар Жоспарына ресми түрде қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоспар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес әзірленді.
Ол ауқымды экологиялық апат қаупін ескере отырып, студенттерді Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және айналмалы экономиканы дамытуға бағытталған.
Қол қойылған жоспардың мақсаты – экология, тұрақты даму және экологиялық білім беру саласындағы бастамаларды іске асыру үшін мемлекет, азаматтық қоғам және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың іргелі платформасын құру.
Жоба экологиялық мәдениетті дамытуды, тұрақты даму қағидаттарын дәріптеуді және еліміздің жоғары білім беру жүйесіне «жасыл экономика» қағидаттарын енгізуді көздейді.
2025 жылы жобаның тоғызыншы маусымына жалпы саны 100 мыңнан асатын студенті бар 14 жоғары оқу орны қатысты. Бір жыл ішінде студенттер 35 тоннадан астам пластик жинап, өткен маусымның көрсеткіштерінен асып түсті. Сондай-ақ, жоба аясында бүкіл ел бойынша 15 сенбілік өткізілді.
Компания директоры Әлима Исембаева жоба жайлы айтты.
«Биыл жоба өзінің он жылдық мерейтойын дамудың жаңа кезеңімен, жаңа «ReStart» есімімен атап өтуде. Енді жобаның миссиясы одан да кеңірек, Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарын қамтып, студенттердің күнделікті өміріне қалдықтарды жүйелі түрде бөлек жинау және тұрақты даму принциптерін енгізу. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмыс маңызды қадам болып табылады. Ол азаматтық қоғам, мемлекет және бизнес арасындағы тиімді серіктестік арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізіп, экологиялық жауапты ұрпақ қалыптастыруға болатынын көрсетеді»,- деді ол.
Осы жылдар ішінде жоба аясында ондаған студенттік эко-клуб құрылды, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу бойынша көптеген бастама әзірленді, олардың көпшілігі жоғары оқу орындарының тұрақты тәжірибесіне айналды.
Атап айтқанда, Satbayev University пластикалық қақпақтарды жинау және оларды шағын сәулет пішіндерінің элементтеріне қайта өңдеу жүйесін енгізді, ҚазҰАЗУ «Жасыл кампус» жобасы жүзеге асырды, ал Қозыбаев атындағы СҚУ қайта өңделген пластиктен жасалған кәдесыйлар желісін әзірлеуде.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ерекше атап өткендей, іс-шаралар жоспарын бекіту – экологиялық жауапты азаматтардың жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадам.
«Университеттер жасыл технологиялар мен тұрақты даму тәжірибелерін енгізу орталықтарына айналуда. Сондықтан біздің министрлік экологиялық бағдарламаларды оқу жоспарларына интеграциялауға және жоғары оқу орындары базасында қалдықтарды басқарудың тұрақты модельдерін әзірлеуге өз үлесін қосады»,- деді ол.