Мәжіліс депутаты кәсіпкерлердің ҚҚС қайтару мәселесін Үкіметке жеткізді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол ҚҚС артық төлеген компанияның мәселесін көтерді

Коллаж: Azattyq Ruhy

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов партияға кәсіпкерлерден КҚС қайтару мәселесіне қатысты көп өтініш келетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Атап айтқанда, партияға «ЖАН–ДОС KZ» компаниясының өкілдері жүгінді. Бұл кәсіпорын он жылдан астам уақыт бойы ішкі және сыртқы нарықта жұмыс істеп келеді, сертификатталған өнімдер өндіреді – ұн, макарон, жарма, кондитерлік өнімдер. 50-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп, салық төлейді, экспорт жасайды, ашық бухгалтерлік есеп жүргізеді. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері бойынша төмен қауіп аймағында орналасқан», – деді Тұрғанов.

Оның айтуынша, компания бюджеттен ҚҚС-тың артық төленген сомасын бес жыл қатарынан қайтара алмай отыр.

«Сомасы – 85 миллион теңгеден асады. Қажетті декларациялар мен тексерулер толықтай өткізілген, оннан астам өтініш берілген. Бірақ нәтиже жоқ. Жауап ретінде тұрақты қайталанатын сұраулар, формальды бас тартулар, жеткізушілердегі қателерге сілтемелер айтылады, тіпті тізбектің бесінші буынына дейін. Жүйе мүлде «тұрып қалған». Бұл, өкінішке қарай, жалғыз жағдай емес. Осындай өтініштер әртүрлі өңірлерден келеді. Өндірушілер мен экспорттаушылар өз қаражаттарын айлар бойы, кейде жылдап қайтара алмай отыр. Қайтару өтініш берушіге қатысты емес себептер бойынша блокталады», – деді депутат.

Ол бизнес «Біз жеңілдіктер сұрамаймыз заң бойынша тиесілі нәрсені қайтаруды талап етеміз. Біз міндеттерімізді орындадық, енді мемлекет өз міндетін орындасын» деп отырғанын айтты.

«Алайда ҚҚС қайтарудың жыл сайын тоқтатылуы келесі бюджеттік жылға жүктемені көбейтеді. Жоғарғы есеп палатасының деректері бойынша 2024 жылы қайтарылмаған ҚҚС көлемі шамамен 592 миллиард теңгені құрады. Бұл салық әкімшілігі жүйесіне деген сенімді төмендетеді, бизнестің өтімділігін шектейді және инвестициялық климатқа зиян тигізеді. Әсіресе, «ақшалай» жұмыс істейтін және экспортты қолдайтын кәсіпорындар үшін. Бұл әсіресе сыртқы нарықтарға енген шағын және орта экспорттаушыларды алаңдатады. Олар үшін салық қайтарудың әрбір кешігуі айналым қаражатын нақты жоғалту болып саналады. Біз басты қолдаудың дәл осы компанияларға бағытталуы керек деп санаймыз, ірі шикізат алыпсатарларға емес, отандық өнімді сыртқы нарықтарға шығарған, жұмыс орындарын ашқан және қайта өңдеуді дамытатын кәсіпорындарға», – деді ол.

Осы орайда депутат ұсынысын айтты:

  • Туындаған жағдайды талдап, Мемлекеттік кірістер комитетіне 15 жұмыс күні ішінде көрсетілген фактілер бойынша ҚҚС қайтару шараларын қабылдауды немесе кедергілер болса ресми қорытындысын нақты себептер тізімімен ұсынуды тапсырсын.
  • Мемлекеттік кірістер комитетінде жинақталған кешігулерді қайтаруға арналған жедел жұмыс тобы құрылсын, бір жылдан астам уақыт жүйеде тұрған өтініштерді толықтай қарау мерзімі 30 күн болсын.

«ҚҚС қайтару – бұл жеңілдік емес, мемлекет пен адал бизнестің міндеті. Компания өз қаражатын жылдар бойы қайтара алмаса, бұл салықтың емес, әділеттіліктің мәселесі. Осы сауалды қарастырып, белгіленген мерзімде ресми жауап берулеріңізді сұраймыз» – деді ол.