«Халыққа едәуір жеңілдіктер қарастырылған»: депутат жаңа Салық кодексіндегі артықшылықтарды атады
Ол кодексте оңтайлы шешімдер көп дейді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбіл 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Салық кодексіне қатысты өзгерістер жайлы айтып берді. Депутаттың айтуынша, Салық кодексіне енген оңтайлы шешімдер баршылық, деп жазады Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 18 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Салық кодексіне қол қойған еді. Құжат 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жаңа Салық кодексі елімізде салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды көздейді. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізудің жаңа ережелерін білдіреді.
Депутат ол қандай өзгерістер екенін түсіндіріп берді. Еркін Әбіл атағандай, қазір кодексті бизнес өкілдері де, халық та белсенді талқылап жатыр.
«Салық кодексіне байланысты түрлі әңгімелерді өзім де естідім. Әсіресе, соңғы кезде күшейіп кетті. Өкінішке қарай, қоғамда нақты дерекке емес, жалпылама қорқынышқа негізделген пікірлер көп. Сондықтан алдымен нақты қандай өзгерістер бар екенін қарап алайық. Жаңа Салық кодексінің негізгі принципі әлеуметтік әділеттілік. Яғни, табысы жоғары азаматтар көбірек салық төлеуі тиіс, ал табысы төмен азаматтар азырақ. Бұл әлемдік тәжірибеге сай әділ жүйе. Ең басты салықтардың бірі жеке табыс салығы. Қарасақ, қарапайым адамдарға едәуір жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ, өкінішке қарай, бұл көп жерде айтылмай жүр. Неге екені белгісіз, бірақ салықтық шегерім мөлшері екі жарым есе артты. Бұл нені білдіреді? Қазір шегерім шамамен 55 мың теңге болса, енді 129 мың теңгеге жуықтайды. Демек, айлық жалақысы осы сомадан аспайтын азаматтар табыс салығын мүлде төлемейді. Ал егер бұл сомадан асып кетсе, салық тек артық сомадан ғана ұсталады», – дейді депутат.
Депутат түсіндіргендей, егер 150 мың теңге жалақы алсаңыз, салық тек 21 мың теңгеден ұсталады.
«Сонымен қатар, зейнетақыға салынатын салық толығымен алынды. Бұл қарапайым халыққа жасалған үлкен жеңілдік деп есептеймін. Оны ескеруіміз керек. Келесі маңызды жеңілдік көлік салығына қатысты. Ең алдымен, оның мөлшерлемесі азайды. Бұрынғымен салыстырғанда, 10 жылдан асқан көліктерге – 30%, 20 жылдан асқандарға – 50% жеңілдік қарастырылған. Бұл жаңа көлік сатып ала алмай жүрген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік. Яғни, салықтық жүктеме төмендейді, сәйкесінше, азаматтың таза табысы өседі. Жалақы өзгермесе де, салық азайғаннан кейін қолға алатын сома артады», – дейді ол.
Еркін Әбіл кімдерге салықтық жүктеме өсетінін түсіндірді.
«Бай азаматтар үшін. Жылдық табысы 33 миллион теңгеден асатындар үшін 15% салық еніп жатыр. Сондай-ақ сән-салтанат салығы енгізіледі. Қымбат көлік, алкоголь, темекі, яхта сияқты тауарларға қосымша акциз салынады. Бұл байларға арналған салық деп айтуға толық негіз бар. Қоғамда ең көп талқыланған мәселе қосылған құн салығы (ҚҚС). Иә, бұл салық 4% артты. Бірақ бұл өзгеріс барлық кәсіпкерлерге бірдей әсер етпейді. Шын мәнінде, бұл қосымша 4% тек соңғы сатыда, яғни халыққа тауар сататын кәсіпкерлерге ғана қатысты. Оның үстіне, ҚҚС жүйесінде бұл салық тізбек бойынша қайтарылады. Сондықтан жаппай баға өседі деу асыра сілтеу», деді депутат.
Оның айтуынша, көптеген кәсіпкер, әсіресе тікелей халыққа қызмет көрсететін шеберханалар, шағын кәсіп иелері бұл салықтан босайды.
«Ал ірі кәсіпорындар мен алыпсатарлықпен айналысатындар үшін бұл салық күшінде болады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін 70%-ға дейін салық жеңілдігі қарастырылған. Біз осы салықтық өзгерістер арқылы алыпсатарлықтан нақты өндірістік экономикаға көшуге жағдай жасап отырмыз. Бұл үлкен стратегиялық бағыт. Әрине, мұндай өзгерістер бір жылдың ішінде нәтиже бермейді, бірақ 3–4 жылда экономикамызды өндіріс бағытына бұруға мүмкіндік береді», – дейді Еркін Әбіл.
Депутат атаған тағы бір маңызды мәселе Ұлттық қордан қаржы алуды азайту болды.
«Жаңа Салық кодексі осыған да жол ашады. Бюджет тапшылығын өз кірісімізбен жабуға, салық түсімдері арқылы экономиканы қолдауға мүмкіндік береді. Ұлттық қор бұл болашақ ұрпақтың ақшасы. Біз оны сақтап, балаларымызға аманат етуіміз керек. Қорытындылай келе, тек ҚҚС 4% өседі екен деп «ақырзаман келеді», «бәрі жабылады» деу дұрыс емес. Иә, кемшіліктер бар. Әсіресе адал еңбекпен айналысатын кәсіпкерлерді қорғау, салық органдарының өкілеттігі, тағы басқа мәселелер біздің назарымызда. Қазірдің өзінде бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр, қосымша өзгерістер қарастырылады.Бірақ негізгі бағыт – экономикамызды тұрақтандыру, әділетті салық жүйесін енгізу және өңдеу секторын қолдау. Бұл реформалар еліміздің болашағы үшін маңызды», – деп түсіндірді Еркін Әбіл.