Бірнеше күнде екі қайғы: Павлодар тұрғыны күйеуі мен үйінен айырылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Күйеуін жерлеген күннің ертеңінде үйі өртеніп кетті

Фото: irbistv.kz

Павлодар тұрғыны Валида Абдуллаева небәрі бірнеше күн ішінде күйеуі мен үйінен айырылды. Отағасы күтпеген жағдайда қайтыс болған, артынша көп ұзамай үйі өртеніп кеткен. Салдарынан әйел адам екі баласымен бірге баспанасыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ирбис TV»-ға сілтеме жасап.

«Дүйсенбі күні күйеуімнің жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалды. Үлкен ұлым екеуміздің қолымызда жан тапсырды. Дәрігерлер оның тамырынан тромб үзіліп кеткенін айтты. Жедел жәрдем келгенше қолдан келгенін жасадық, бірақ аман алып қала алмадық. 1 қазан күні жерледік. Бізге мұра ретінде үй қалған еді», – дейді Валида көз жасын тыя алмай.

Марқұмды жерлегеннен кейінгі күні Валида зиратқа барған, ал үйінде оның бауыры қалған болатын. Осы уақытта үйінен өрт шығыпты.

«Бауырым пешті тазалап жатқан. Сол сәтте ұшқын мұржаға түсіп, ішіндегі күйе тұтанып кеткен. Өрт тез тарады да, шатыр толық жанып кетті», – дейді ол.

Өрттің салдарынан шатыр мен үйдің көп бөлігі, сонымен қатар тұрмыстық заттар түгел жанып кеткен. Қазір Валида екі баласымен анасының үйінде уақытша тұрып жатыр.

«Шатырымызды аман алып қалу мүмкін болмады, тіпті көршілердің шатырына да әсер етті. Енді екі баламмен баспанасыз, күйеусіз, ақшасыз, тірек-демеусіз қалдым. Үйді қалпына келтіруге күшім де, мүмкіндігім де жоқ», – дейді әйел.