Президент: Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес

Автор: Асыл Арман

Айтуынша, парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді

Фото: Ақорда

Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы отырысында осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым.

Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды», – дейді президент.

Ол сөзін жалғай отырып, тағы бір маңызды мәселеге назар аударып өтті.

«Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады», – дейді мемлекет басшысы.