Құрылыстың жүргізілуіне жергелікті тұрғындар наразылық білдірді
Ақтаудың Самал ықшамауданындағы атышулы құрылыс айналасында дау басылар емес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бірнеше айдан бері сот процестері жалғасып жатқан даулы жер телімі жаңа заңды тұлғаға рәсімделген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың мәліметінше, бұл жер бұған дейін Амалхан Сүгіров есімді жеке кәсіпкерге тиесілі болған. Онымен олар құрылыс нысанын заңсыз деп тану мақсатында соттасып келген.
Алайда маусым айының соңында жер телімі күтпеген жерден «Заман» ЖШС-ге рәсімделіп кеткен. Тұрғындар бұл компанияның иесі қаладағы құрметті азаматтардың бірінің ұлы екенін айтады.
Соттағы соңғы отырыста талапкерлердің адвокаты жер телімінің меншік иесі ауысқанын мәлімдеді. Алайда бұрынғы иесі – Амалхан Сүгіровтің адвокаты бұл ақпаратты нақтылап, растай алған жоқ.
«Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің және «РЦКУ-Ақтау» ЖШС өкілдері өз құжаттарында жердің жаңа иесі ретінде расымен де «Заман» компаниясы көрсетілгенін растады.
Судья меншік иесінің ауысуына қатысты нақты мәліметтерді анықтауды тапсырды. 18 қазан күні үш айлық заңды мерзім аяқталатын болғандықтан, соттың қорытынды отырысы 15 қазанға белгіленді.
Самал ықшамауданының тұрғындары бұл жер теліміне қатысты барлық мәміле ашық әрі заң аясында жүргізілуін талап етіп отыр.
Биыл жыл басында бұл құрылыс жергілікті қоғамда үлкен наразылық туғызған болатын. Тұрғындардың шағымдарынан кейін ақпан мен мамыр айлары аралығында құрылыс жұмысы тоқтатылған еді. Алайда 5 маусым күні ешбір түсініктемесіз құрылыс қайта жанданды.
Маусым айында тұрғындар құрылыс жұмысын қайта тоқтатуды сұрап, тиісті органдарға өтініш жасаған.
Осыдан кейін, заңсыз салынып жатқан нысанға наразы тұрғындар жеке адвокат жалдап, мердігер компанияны сотқа берген болатын.