Астанада құрылыс алаңында төбелес шығарған кран жүргізушісі жарты айға түрмеге қамалды

Автор: Асыл Арман

«102» арнасына құрылыс нысанында болған төбелес жайлы хабарлама түсті

Фото: Астана ПД

Астанада полиция қызметкерлері құрылысшылар арасында болған төбелесті тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, жанжалдың себебі – кран жүргізушісінің берген бұйрығын түсінбей қалуы. Сол себепті сөзталас туып, арты төбелеске ұласқан.

Полицейлер бес қатысушының барлығын анықтап, бөлімшеге жеткізді.

Аталған тұлғаларға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша хаттамалар толтырылып, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.

Сот шешімімен әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, ал төбелестің негізгі бастамашысы 15 тәулікке қамауға алынды.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауға және айналадағыларға құрметпен қарауға шақырады. «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша кез келген құқыққа қайшы әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған.