Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қола медаль үшін Қазақстан мен Таиланд құрамалары сынға түсті

Фото: Olympic.kz

Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үндістанның Ахмедабад қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионаты аясында су добынан әйелдер арасында үшінші орын үшін матч өтті. Қола медаль үшін Қазақстан мен Таиланд құрамалары сынға түсті.

Негізгі уақыт 6:6 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында қазақстандықтар мықтылық танытып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 9:8. Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік, 11 қазанда ерлер құрамасы да қола медаль үшін бақ сынайды. Олардың қарсыластары Жапония құрамасы.