Өңірде қар жауып, ауа райы күрт бұзылды
Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығынан кейін «Volvo» жүк көлігі жол жиегіне шығып, аударылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 11 қазан күні «Шарбақты – Павлодар» автожолында «Volvo» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың жиегіне шығып кеткен. Нәтижесінде көлік сол жақ қырына аударылып қалды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Тексеру жүргізіліп жатыр.
Ауа райының қолайсыздығына, аралас жауын-шашынның жаууына және жолдарда көктайғақтың орнауына байланысты облыс аумағындағы автожолдарда қозғалыс жабылуы мүмкін.
«Полиция жүргізушілерге ауа райының өзгерістерін, СМС-хабарламаларды қадағалап, жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпауға кеңес береді.
Көлік жүргізушілеріне өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, аса мұқият болуға, қозғалыс кезінде жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтауға кеңес береміз. Алыс сапарларға шықпағаныңыз жөн», - делінген облыстық ПД хабарламасында.