Жетісу облысында жүк көлігінің жүргізушісі 5 адамның өлімі үшін 5 жылға сотталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сотта оның кінәсі дәлелденді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билер жүк көлігінің жүргізушісін адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның 2025 жылғы 11 қазан күнгі мәліметінше, оның кінәсінен болған қайғылы оқиға салдарынан жеңіл көліктерде отырған бес адам көз жұмған.

«Іс материалдарына сәйкес, «Volvo FH-Truck» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі «Алматы-Өскемен» тасжолымен келе жатып, қолайсыз ауа райына және көктайғаққа қарамастан, көлікті қауіпсіз тоқтату шараларын қабылдамаған. Соның салдарынан жүк көлігі жолды бөгеп қалған, нәтижесінде оған үш жеңіл автокөлік соғылған», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сот үкімімен ер адам 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Жетісу облысының прокуратурасы азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Өйткені бұл – жол қатысушылары мен олардың жақындарының өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі», – деп атап өтті ведомство.