12 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтіледі. «Қазгидромет» таратқан мәлімет бойынша, Астана мен 15 облыста дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада қатты жел соғып, үсік жүреді
Елордада желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар түнде үсік жүруі ықтимал. Синоптиктер азаматтарға ауа райының өзгеруіне дайын болуға кеңес береді.
Жетісу мен Жамбыл облыстарында аяз және күшті жел
- Жетісу облысында шығыс және таулы аудандарда желдің күші 20 м/с дейін жетеді, ал түнде 1–6 градус үсік күтіледі.
- Талдықорғанда да түнгі уақытта ауа температурасы –3…–5°С дейін төмендейді.
- Жамбыл облысының таулы аймақтарында тұман түсіп, кей жерлерде жел екпіні 28 м/сдейін күшейеді.
Батыс өңірлерде тұман мен найзағай
- Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман түседі, өңірде жоғары өрт қаупісақталады.
- Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде найзағай, жел екпіні 20 м/с дейін, ал Орал қаласында найзағай күтіледі.
Орталық және солтүстік облыстарда жел күшейеді
- Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында желдің екпіні 18–23 м/с дейін күшейеді.
- Кей аймақтарда тұман түсіп, көктайғақ болады.
- Жезқазғанда және Көкшетауда жел 20 м/с дейін жетеді.
Шығыста көктайғақ пен тұман
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде және күндіз тұман, көктайғақ күтіледі.
- Абай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі бар.
- ШҚО-да желдің екпіні 20 м/с дейін жетеді.
Түркістан мен Қызылордада өрт қаупі жоғары
- Түркістан облысында күндіз таулы және шөлді аймақтарда жел 20 м/с дейін күшейеді.
- Өңірдің солтүстігі мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
- Қызылорда облысында да дәл осындай қауіп деңгейі тіркелген.
Мамандардың ескертуі:
– ауа райының құбылуы жол-көлік қозғалысына әсер етуі мүмкін;
– тұрғындарға сақтық шараларын ұстанып, ауа райы болжамын қадағалау қажет.