Күдіктінің жергілікті БАҚ өкілдерімен байланысы болған
Атырау облысында Кұлсары қаласының журналисі 10 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол жергілікті компания басшысынан ақша талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайык» басылымына сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті компания басшысынан 10 млн теңге талап етіп, егер ақша берілмесе, Кұлсары маңындағы мұнай қалдықтары туралы видеоны жариялаймын деп қорқытқан.
Алайда тергеушілердің айтуынша, бұл бейнематериал бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған.
«Күдіктінің жергілікті БАҚ өкілдерімен байланысы болған. Ол декреттік демалыста жүргенімен, бұрын аудандық газет пен теледидарда қызмет атқарған», — деп жазады басылым.
Тергеу мәліметінше, 4 млн теңге делдал арқылы берілген. Ақша «Тенгри» қонақүйінде табысталып жатқан сәтте делдал қолға түскен.
Кейіннен журналисттің өзі де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы (Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған бопсалау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір істің мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.