Қытайдан келген әйел жарақат алған
Алматы облысында Қытайдан келген турист әйел жарақат алып, 3 мың метр биіктіктегі тауда қалып қойған. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, оны қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында болған. 1973 жылы туған шетелдік әйел таудан сырғанап түсу кезінде арқасынан ауыр жарақат алып, өздігінен қозғала алмай қалған. Ол 3 000 метр биіктікте қалып, көмек шақыруға мәжбүр болған.
Оқиға орнына ТЖМ құтқарушыларының арнайы тобы дереу аттанды. Құтқарушылар арқан жол арқылы зардап шеккен туристке жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін әйел қауіпсіз жерге түсіріліп, төменде күтіп тұрған жедел жәрдем бригадасына табысталды.
«Құтқарушылар арнайы құралдарды пайдаланып, эвакуацияны сәтті орындады. Туристке алғашқы көмек көрсетіліп, ол емханаға жеткізілді», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Құтқарушылар тау-шаңғы курорттарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға және ауа райының қолайсыз кезінде тауға шықпауға шақырады.