eGov Mobile арқылы өтініш қабылдау аяқталды
Қазақстанның алғашқы атом электр станциясына атау беру байқауына 27 мыңнан астам азамат қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқау 25 қыркүйекте eGov Mobile қосымшасында басталып, 10 қазан түнгі 23:59-да аяқталды. Осы уақыт аралығында қазақстандықтар 27 мыңнан астам нұсқа жолдаған.
«Азаматтардың белсенділігі халықтың атом энергетикасын дамытуға деген зор қызығушылығын және ел үшін маңызды жобаларға үлес қосуға дайын екенін көрсетті», – делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта барлық ұсыныстарды өңдеу және жүйелеу процесі жүріп жатыр.
Атом энергетикасы агенттігі байқаудың маңызын атап өтті.
«Бұл бастама – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалогтың нақты мысалы. Байқау ел тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетті», – делінген хабарламада.