Түркістан облысында 2 млрд теңгенің жері заңсыз таратылған

Автор: Дәулет Ботагөз

Прокуратура әкімдіктердің 6 мың гектардан астам жерді үлестіргенін анықтады

Фото: © istockphoto.com

Түркістан облысында мемлекеттік жерлерді заңсыз тарату фактілері анықталды. Бұл туралы өңірлік прокуратураның алқа отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Прокуратураның дерегінше, соңғы үш жылда (2023–2025) жергілікті атқарушы органдар жалпы аумағы 6 мың гектардан асатын 190 жер учаскесін заңсыз берген. Бұл жерлердің нарықтық құны 1,8 млрд теңгеден асады.

«Ауыл және қала әкімдері жер кодексіндегі конкурс талаптарын айналып өтіп, мемлекеттік жерлерді бақша шаруашылығына, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге және қосымша учаске ретінде заңсыз үлестірген», – делінген прокуратура хабарламасында.

Мақсатсыз пайдаланылған 400 гектар жер

Тексеру барысында тағы бір өрескел бұзушылық анықталған – 400 гектар (150 учаске) жердің мақсатты пайдаланылуы заңсыз өзгертілген.

  • Ауыл шаруашылығына арналған жерлер кәсіпкерлік қызметке рұқсатсыз ауыстырылған;
  • Жерді бөлу кезінде қалалық және аудандық құрылыс-құжаттама талаптары сақталмаған;
  • Бірде-бір жағдайда жобалық-сметалық құжаттар бекітілмеген.

Прокуратура шара қолдануды тапсырды

Алқа отырысында жерді заңсыз беру, жоспарсыз құрылыс, және жеке тұрғын үй кезегіндегі заңбұзушылықтар да талқыланды.

Қорытындысы бойынша: жауапты мемлекеттік органдарға протоколдық тапсырмалар берілді; лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарауға жіберілді; жер ресурстарын ұтымды пайдалану және бақылау жүйесін күшейту қажеттілігі айтылды.