Қарағандыда оқушылар қарияға білгенін істеген: сотта сұмдық жайттар анықталды

Автор: Алмас Ерсін

Олар сотта прокурорға кедергі жасап, күліп, істеген ісіне өкінетін күй танытқан жоқ

Фото: видеодан скриншот

Қарағандыда 75 жастағы қарияны соққыға жығып, тонады деген күдікпен ұсталған 9 адамға қатысты сотта сұмдық жайттар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

Олар дімкес адамның пәтеріне бір емес, үш рет баса-көктеп кіріп, білгенін істеген. Қылмыстың видеосы жария болмағанда, жәбірленушінің арыз жазуға да дәті бармаған көрінеді.

«Қылмыс жасауда әрқайсысының өз рөлі болған. Ковальчук пен Филимонов пәтерден құнды заттар мен ақша іздеген. Станков, Манеев пен Вангетнер қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, пәтерге ешкімді кіргізбей күзеткен. Қалғаны қалт-құлт еткен қарияға күш көрсетіп, мазақ етіп, ұрып-соққан, оны таспаға түсіріп шаттанған», - дейді прокурор Асыл Тәліпов.

Жалғыз тұратын қарияны соққыға жығып, тонау ақпан айында басталған. Алғашында «көршіміз» деп кірсе, екіншісінде «электрикпіз» деп есігін ашқызған. Баса-көктеп кіріп, үйдің астаң-кестеңін шығарғаны аздай, зейнеткерді соққы мен тепкінің астына алғанын таспаға түсіріп отырыпты. Ақшасын, ұялы телефоны мен банк картасын қолды қылған. Келген шығын 100 мың теңгеге жуық.

Тергеуде бұл топ сол подьезде тұратын жалғызбасты еркекті де соққыға жығып тонағаны анықталды. Наурыз айында оның пәтеріне де баса-көктеп кіріп, иесін сұлатып салған әрі дүние-мүлкі мен ақшасын қолды қылыпты.  Күдіктілердің көбі 10-сынып оқушылары. Арасында бұрын сотталған 33 жастағы еркек бар. Олар сотта прокурорға кедергі жасап, күліп, істеген ісіне өкінетін күй танытқан жоқ.