$ 539.06  623.75  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтауда ер адам 76 млн теңгеден астам айналымы бар заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған

Оған қатысты сот отырысы өтіп, үкім шықты

Ақтауда ер адам 76 млн теңгеден астам айналымы бар заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған
Фото: istockphoto.com

Айналымында 76 миллион теңгеден астам қаражаты бар заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған ақтаулық ер адам кінәлі деп танылды. Іс бойынша оның Грузиядағы туысы да қатысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облыстық сотына сілтеме жасап.

Ақтау қалалық соты ер адамды аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін (ҚК 307-бабының 3-бөлігі 2-тармағы) кінәлі деп тауып, үкім шығарды.

Сот дерегінше, 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың наурызына дейін сотталушы онлайн-казино ашып, құмар ойындарға қолжетімділік беріп, «оңай ұтыс» уәде еткен жарнамаларды таратқан. Қаржы операцияларын жүргізу үшін ол грузиялық туысын тартқан. Оның банк картасы ақшалай қаражатты өткізу үшін пайдаланылған.

«Сотталушы ойын платформаларын, мобильді телефондар сатып алып, жарнамалар мен фото-видеоматериалдарды әлеуетті клиенттерге жіберіп отырған. Осы арқылы адамдарды құмар ойындарға тартып, түрлі бонустар ұсынған», – деп мәлімдеді сотта.

Тергеу барысында дроппердің шотына 76 миллион теңгеден астам қаражат түскені анықталған. Сараптама банк операцияларының сотталушы мен оның шетелдегі туысы арасында байланысы бар екенін дәлелдеді.

«Сотталушының кінәсі пәтер мен мобильді телефондарды қарау хаттамалары, хат алмасу скриншоттары, сарапшының қорытындысы және өзге де іс материалдарымен дәлелденді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік айыптаушы 5 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындауды сұраған. Сот ер адамның кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, бұл мән-жайды жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды.

«Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, өкінетінін айтып, бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда сот оны кінәлі деп танып, 4 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады», — делінген Маңғыстау облыстық сотының хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары