Астанада жасөспірімдер арасында болған төбелес видеоға түсіп қалды

Автор: Асыл Арман

Олардың топтасып тұрғаны, арасында екеуінің төбелесіп тұрғаны байқалады

Фото: Видеодан скрин

Астанада «Мечта» тұрғын үй кешені маңында бозбаланың өз қатарласын соққыға жыққан сәті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиға №71 мектептің маңында болған. Бейнежазбада бір жасөспірімнің жерге құлаған құрдасын ұрып жатқанын, ал бірнеше баланың қасынан қарап тұрғаны көрінеді. Оқиғаны түсіріп тұрған әйел айғайлаған сәтте балалар жан-жаққа қашып кеткен.

Видео мессенджерлер арқылы тез тарап, тұрғындар арасында қызу талқыланды.

«Нұра ауданының полиция басқармасы оқиғаға қатысы тұлғаларды анықтау бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылады», – деп мәлімдеді Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.

Құқық қорғаушылар сондай-ақ ата-аналарға балалардың мінез-құлқын бақылап, бос уақытын қадағалап отыру қажеттігін еске салды.