Ол егістігіне кіріп кеткен жануарларға қатыгездік танытты
Қарағанды облысында болған жағдай жұртты шошытты, фермер өз егістігіне кіріп кеткен бір үйір жылқыны атып тастаған. Оқиға 28 қыркүйекте Нұра ауданына қарасты Заречное ауылының маңында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алғашқы ақпарат «Вечерняя Караганда» Telegram-арнасында жарияланды. Ондағы мәліметке сәйкес, оқиға орнынан оқ тиген 17 жылқы табылған, олардың 14-і сол жерде өліп қалды.
«Куәгердің айтуынша, жергілікті фермер жылқыларды көлікпен қуып жүріп, оқ атқан. Кейін оқиға орнынан ізін суытқан. Малынан айырылған ауыл тұрғындары күдікті жазадан құтылып кетеді деп қорқып отыр, себебі ол – ауқатты адам», — делінген хабарламада.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«53 жастағы Нұра ауданының тұрғыны күдікті ретінде анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір барлық мән-жай толық әрі объективті анықтау үшін тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ведомство.
Заречное ауылының тұрғындары кінәлі адамды жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олар істің әділ тергелуіне күмәнмен қарайды және тергеудің созылып кетуінен қауіптеніп отыр.