Көкшетауда ер адам құрбысын пышақтағанын айтамын деп істі болды
Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Көкшетауда ер адам сот отырысы кезінде өз айғақтарын өзгерткеннен кейін тергеуге алынды. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, бастапқыда ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру ісі бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Тергеу барысында ер адам өзінің танысы оны пышақтағанын айтқан.
Сотта куәлігін өзгертті
Алайда сот отырысы кезінде ол алдыңғы айтқанын жоққа шығарып, оқиғаның басқа нұсқасын баяндаған.
«Жәбірленуші сотта өзі пышаққа байқаусызда түскенін, өйткені айыпталушы әйелдің қолындағы пышақты алмақ болғанын айтты. Сот отырысы басталар алдында оған құқықтары мен жалған куәлік бергені үшін жауапкершілік түсіндірілген болатын», — делінген полиция хабарламасында.
Енді «жәбірленуші» емес, күдікті
Сот отырысынан кейін судья жеке қаулы шығарып, ер адамның өзіне қатысты жаңа іс қозғауға нұсқау берген. Нәтижесінде ол ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабы – «Көрінеу жалған жауап беру» бойынша тергеуге алынды.
Көкшетау қалалық полициясы қазіргі уақытта бұл фактіге байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, тиісті тергеу амалдары басталғанын хабарлады.