Қазақстанның 9 қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды

Автор: Асыл Арман

«Қазгидромет» жергілікті тұрғындарға ескерту жасады

Фото: freepik.com

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 9 қазан күні еліміздің 9 қаласында атмосферада ластаушы заттардың шоғырлану деңгейі жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл құбылыс ауа райының белгілі бір факторларының тоғысуымен байланысты: мұндай кезде зиянды қоспалар жерге жақын ауа қабатында жинақталып, тарамай қалады.

«2025 жылдың 9 қазанында қолайсыз метеожағдайлар Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ түнде Қостанай қаласында күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.

Қолайсыз метеожағдай (ҚМЖ) дегеніміз не және ол несімен қауіпті?

Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) – бұл ауа райының мынадай құбылыстары:

  • желдің болмауы,
  • әлсіз жел,
  • тұман,
  • температура инверсиясы.

Осындай жағдайлар ауадағы ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіріп, олардың шоғырлануына себеп болады. Соның салдарынан, әсіресе ғимараттар тығыз орналасқан немесе өнеркәсіп көп шоғырланған аймақтарда, ауаның сапасы уақытша нашарлайды.