Ақсуда жаяу жүргіншіні «Нива» көлігі қағып, артынша «Жигули» басып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмды

Фото: freepik.com

Павлодар облысының Ақсу қаласында жаяу жүргіншіні «Нива» көлігі қағып, артынша «Жигули» басып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаяу жүргіншіні оқиға салдарынан жаяу жүргінші көз жұмды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан жасырыну фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Алдын ала деректер бойынша, 6 қазан күні Ақсу қаласында ВАЗ-21213 автокөлігінің жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Одан кейін екінші ВАЗ-21070 автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні басып өтіп, оқиға орнынан ізін суытқан.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді анықтап, ұстады және полиция бөліміне жеткізді.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция департаменті мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларды жылдамдық режимін қатаң сақтауға, әсіресе қозғалысы көп учаскелерде, және көлік құралдарының техникалық жағдайына тұрақты түрде бақылау жасауға шақырады.