Алматыда Бағанашылдағы балалар үйі уақытша көшірілетін болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қала әкімінің орынбасары жағдайға қатысты түсініктеме берді

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Алматыда Бағанашылдағы балалар үйінің ақыры көшірілетіні белгілі болды. Қала әкімдігінің мәліметінше, олар жөндеу жұмысына байланысты басқа ғимаратқа уақытша көшіріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтің айтуынша, қалада ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 8 арнайы мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. Бүгінде бұл мекемелерде 2 668 бала оқып жатыр, олардың 1 794-і интернатта тәрбиеленсе, 874 бала үйден оқиды. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды қолдайтын 4 ұйым жұмыс істеп тұр. Бұл мекемелерде барлығы 446 бала тәрбиеленуде.

Балаларды қолдау орталығы жабылмайды

Қоғамда қызу талқыланған мәселенің бірі – Алматыдағы Бағанашыл шағын ауданындағы №2 Балаларды қолдау орталығындағы тәрбиеленушілердің басқа өңірге көшірілуі болатын. Алайда, қала әкімдігі бұл балалар Алматыда қалатынын ресми түрде растады. Қазіргі таңда бұл орталықта 100 бала тұрады, олардың 13-і мектепке дейінгі жаста, ал 87-сі мектеп оқушысы.

Балалар уақытша жаңа мекенге көшіріледі

Орталық ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілетіндіктен, балалар уақытша Торайғыров көшесі, 1 мекенжайындағы №1 мектеп-интернатқа орналастырылады. Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл ғимараттың жалпы аумағы 1 113,1 шаршы метрді құрайды. Онда балалардың жайлы тұруы мен оқуына қажетті барлық жағдай жасалған.