Шымкентте құрылыс аумағына жақын тұста адамның бас сүйегі табылды

Автор: Асыл Арман

Оны дүкенге бара жатқан адам тауып алды

Фото: Otyrar

Шымкент тұрғыны дүкенге азық-түлік алуға бара жатып, ерекше әрі қорқынышты жағдайға тап болды. Ол Володарский көшесіндегі супермаркеттің автотұрағы маңынан ішінде адамның бас сүйегі мен өзге де сүйектері салынған целлофан дорбаны тауып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап.

Куәгердің айтуынша, сүйек қалдықтары құрылыс алаңының дәл жанында жатқан. Мұнда жуырда жер қазылғаны анықталды. Ол мұны құрылысшылардың байқаусызда ескі қорымды қазып алуы мүмкін деп болжаған.

«Супермаркет тұрағының қасында жатқан дорбаны байқадым. Қазір ол жерде жаңа жол айрығын жасап жатыр. Көлік қоятын тұстың оң жағында шұңқыр қазған, ал сол шұңқырдың жанында қарапайым пакетке салынған сүйектер жатты. Әрине, құрылысшылар қазу кезінде тауып, солай қалдырған сияқты. Айта кетейін, ол жерде қазір құрылыс жұмысы жүріп жатыр», – дейді ер адам.

Басылым мәліметінше, аталған көшеде абаттандыру және құрылыс жұмысы расымен жүргізіліп жатыр. Сол себепті адам сүйектері жер қазу кезінде шығып қалған болуы мүмкін.