Ол қауіпсіздік сақталмағанын біле тұра, оны назардан тыс қалдырған
Шымкент қаласында қауіпсіздік талаптарын бұзып, пәтерін жалға берген соң екі адамның өліміне себеп болған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот анықтамасына сәйкес, пәтер иесі Шымкент қаласының Қарасу шағын ауданында орналасқан үйінде газды су жылытқышты қауіпсіздік талаптарына сай емес түрде орнатқан. Ол 2024 жылдың тамызында бұл жағдайды біле тұра, пәтерді Үндістан Республикасының бес азаматына жалға берген.
2025 жылдың қыркүйегінде пәтерде газды су жылытқыш пайдаланылған кезде, екі үнді азаматы көміртек тотығынан уланып қайтыс болған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан пәтер иесіне 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, бірақ ҚК-нің 63-бабы негізінде шартты жаза қолдануды сұраған.
Сотталушы кінәсін мойындап, жеңіл жаза беруді өтінді.
Жәбірленуші тарап жазаны соттың қарауына қалдырды.
Сот пәтер иесін ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда оның кәмелетке толмаған баласы бар екенін, зейнет жасындағы адам екенін және кінәсін мойындағанын ескеріп, жаза шартты деп белгіледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.