Шымкентте бұрынғы ҰҚК қызметкері 70 млн теңге пара аламын деп 12 жылға сотталып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның әріптесі рақымшылық заңы бойынша босап кетті

Фото: Vera.kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты ҰҚК-нің бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Vera.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұрынғы подполковник үш бап бойынша кінәлі деп танылды:

  • 366-бап – пара алу;
  • 218-бап – қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру;
  • 370-бап – қызметтік міндетін орындамау.

Манат Сарбасовқа 12 жыл түрме және өмір бойы мемлекеттік қызметке тыйым

Сот шешімімен Манат Сарбасов 12 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айырылды.

Сонымен қатар ол подполковник шенінен айырылып, мемлекет пайдасына:

  • элиталық тұрғын үйдегі пәтерін,
  • жеке көлігін тәркілеуге,
  • 70 миллион теңге көлеміндегі пара сомасын қайтаруға міндеттелді.

Майор Айдос Сраилов Рақымшылық бойынша босатылды

Манат Сарбасовтың әріптесі майор Айдос Срайылов та айыпты деп танылды. Ол 364-бап (қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оған рақымшылық заңы қолданылып, сот залында босатылды.

Шыңғыс Жаңабаев 7 жылға, Ерлан Тышқанбаев 5 жылға сотталды

Істегі тағы бір фигурант Шыңғыс Жаңабаев ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды.

Кәсіпкер Ерлан Тышқанбаев – 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда судья оның кәмелетке толмаған баласы бар екенін және қылмысқа екінші дәрежеде қатысқанын ескеріп, сот залында босатты.

Судья Әбинұр Қарабаевтың айтуынша, негізгі заңсыз әрекеттерді Шыңғыс Жаңабаев жасаған.

Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы да жауапқа тартылды

«Сұңқар Премиум» клиникасының директоры, дәрігер Темірхан Варзилов, қылмыс жасалған кезде қалалық денсаулық сақтау басқармасының уақытша басшысы болған.

Ол 361-баптың 1-бөлігі (қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сот шешімі бірауыздан қабылданбаған

Судья Әбінұр Қарабаевтың айтуынша, үкім шығару кезінде сот алқасы мүшелерінің дауысы 5/6 есебінде бөлінген.

Қорғаушылар апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.