Қазақстанның төрт өңірінде жылу жүйесіне қауіп төніп тұр: 4 энергоблок пен 32 қазандық дайын емес

Автор: Асыл Арман

«AMANAT» жылу желілерін жүйелі түрде жаңартуды талап етеді: төрт өңірде жылу беру маусымына қатысты қауіп бар

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Еліміздің бірқатар өңірінде 4 энергоблок, 32 қазандық және 19 турбина жөнделуде. Тиісінше, олар жылу беру маусымына дайын емес. «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі Республикалық кеңес отырысында осындай алаңдатарлық мәлімет айтылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Отырысты аша отырып, кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Берік Бейсенғалиев мемлекет басшысы өз жолдауында еліміздің тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызын ерекше атап өткенін еске салды.

«Президент нақты айтты: ондаған жыл бойғы әрекетсіздік ТКШ-ны өте мүшкіл жағдайға түсірді және қазір бұл ахуалды өзгертетін уақыт келді. Біз ашықтыққа, цифрлық құралдарға және мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделген энергетика мен коммуналдық саланы басқарудың жаңа моделін құруға тиіспіз. «AMANAT» партиясы осы өзгерістердің алғы шебінде болады. Біз мемлекет басшысының стратегиялық бағытын қолдаймыз және біздің басты міндетіміз – жаңғыртуға негізделген әр жобаның ел азаматтарына нақты нәтиже беруіне, ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға және отандастарымыздың билікке деген сенімін нығайтуға қол жеткізу», – деді ол.

«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев мемлекеттің міндеті – алдағы қыста халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету және саланы ұзақ мерзімді жаңартуға қажет негіз қалау екенін атап өтті.

«Біздің ортақ мақсатымыз – тұрғындар мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалмауы үшін жылу беру маусымына уақтылы дайындалуға қажет барлық шараны қабылдау. Осы мәселелерді ашық талқылау үшін партиямыздың алаңында жиналдық. Мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Екібастұз, Риддер, Степногорск қалаларындағы апаттар шұрық-тесікті жамап-жасқағаннан мәселе түбегейлі шешілмейтінін көріп отырмыз. Бізге жүйелі тәсіл қажет. Яғни, ел аумағындағы барлық жылу желісін жаңғырту керек. Бұл тек жайлы өмірдің жай-күйі ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесіне тоқталды. Соның аясында алдағы жылдары шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қадам желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Министрлік желісі бойынша, жалпы сомасы бір триллион теңгеге шамамен сегіз мың шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғырту, 800 млрд теңгеге жуық сомаға тазарту нысандарының 45 жобасын жүзеге асыру көзделуде. Ұлттық жобаға Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығы техникалық операторының институттары атсалысады. Ол жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңіне қатысады. Ал «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржы операторы ретінде, осы жобаларды қаржыландыру тетігін айқындайды», – деді ол.

Су шаруашылығы саласындағы шаралар туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасының м.а. Нұрбек Серіков хабарлады. Оның айтуынша, министрлік 42 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын қайта жаңартуды, сондай-ақ 3,5 мың шақырымнан астам суару каналын жаңғыртуды жоспарлап отыр. Су үнемдеу технологияларын енгізуге және су ресурстарын есепке алудың ұлттық ақпараттық жүйесін құруға баса назар аударылады.

«2024 жылы министрлік Ислам Даму Банкінен мемлекеттік кепілдік негізінде инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізді. 2025 жылы 4-ші тоқсанынан бастап арналарды қайта құру жұмысын бастау жоспарлануда. Бірінші кезеңде еліміздегі 7 өңірде ұзындығы 2000 шақырымнан асатын 115 арнаны қайта жаңарту көзделген. Екінші кезеңде бес мың шақырымнан астам каналды қайта құру қарастырылған. Ислам Даму Банкінен алынған қаражаттың бірінші кезеңі шеңберінде биыл 96 арнаны қайта жаңарту жұмысы басталады. Жалпы, қабылданған шаралар су шығынын 50%-дан 35%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өз баяндамасында жалпы жылыту маусымына дайындық жұмысы штаттық режимде жүріп жатқанын, негізгі жабдықтар пайдалануға беруге дайын екенін, ал стансалар мен қазандықтарда 5 млн тоннадан астам көмір қоры жинақталғанын атап өтті. Бұл ретте, вице-министрдің айтуынша, 2022 жылы Екібастұз бен Риддердегі апаттардан кейін энергетика саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайды: 2023-2025 жылдары генерацияға және ЖЭО-ға салынған инвестициялар көлемі 227-ден 400 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл технологиялық бұзушылықтар санын 27%-ға төмендетуге, ал температуралық кестелерді сақтамау жағдайларын үш есе қысқартуға мүмкіндік берді.

Биыл жоспарда 323 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізу көзделген, оның 95%-ы аяқталды. Солтүстік өңірлердің көпшілігі жылыту маусымына толық дайын, ал Орал, Аягөз және Сәтбаев қалаларындағы жекелеген проблемалық учаскелердегі мәселелер жақын арада шешіледі.

Отырыста ең түйткілді өңірлерге ерекше назар аударылды. Арқалықта жылу желілерінің тозу деңгейі 70%-ға жетті. Тұрғындар мен жергілікті билік органдары жылу құбырларын жөндеуге 750 миллион теңге бөлу туралы бірнеше рет өтініш жасады. Тіпті, мұндай өтініш Премьер-Министрге де жолданды. Алайда қаражат әлі бөлінген жоқ. Министрлік өкілдері мердігер компания жұмыстың бір бөлігін өз қаражаты есебінен жүргізгенін айтып, қазан айының ортасына дейін аталған өңірге қаржы бөлінетінін және бұл мәселе жіті бақылауда екенін мәлімдеді.

Отынмен қамтамасыз ету мәселесі де өткір болып тұр. Алдағы жылу беру маусымына 7,4 млн тонна көмір қажет. Оның 1,6 млн тоннасы тұрғындардың қажетіне арналған. Алайда, көмір бағасының өсуі, әсіресе шалғай аймақтардағы қымбатшылық алаңдатады. Онда бір тонна көмірдің құны 30-35 мың теңгеге жуықтайды. Бүгінде көмір бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны мемлекет тарапынан реттеуді енгізу туралы заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашы болды. Бүгінде аталған құжат Парламент қабырғасында қаралуда.

ЖЭО-ны жөндеу жұмысы жалғасып жатқан Степногорск қаласындағы жағдай жеке қаралды. Энергетика министрлігі жылу беру маусымы іркіліссіз өтеді деп сендіргеніне қарамастан, депутаттар маңызды мәселеге назар аударды: тозығы жеткен жылу желілері әлі де басты қауіп болып отыр. Мәселе жүйелі әрі ұзақ мерзімді шешімді қажет етеді.

Кеңес отырысын қорытындылай келе, Берік Бейсенғалиев «AMANAT» партиясы нақты өзгерістерге қол жеткізетінін атап өтті.

«Бүгінде ЖЭО-ның 76%-ы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Ал жылу желілерінің тозуы 52%-дан асады. Солтүстік және шығыс аймақтарда температуралық режимге байланысты жылу беру маусымы басталып кетті. Солай бола тұра, 4 энергоблок, 32 қазандық және 19 турбина әлі жөнделіп жатыр. Яғни, 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайын емес. Бізге уәде емес, нақты жаңғырту жобалары және олардың орындалуын қатаң бақылау жұмысы қажет. Бұл жұмыс тұрғындардың тұрмыс сапасы мен билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді», – деді ол.