Алматыда жылу жылдағыдан ертерек берілетін болды

Автор: Асыл Арман

Оған ауа райының күрт суытуы себеп болып отыр

Фото: istockphoto.com

Алматыда жылыту маусымы басталды. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала билігі жылуды әдеттегіден ертерек беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

8 қазаннан бастап жылу алдымен әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге және медициналық мекемелерге беріледі.

«Үйлерге жылу берілгеннен кейін ПИК пен МИБ мамандары ішкі жүйелерді реттеп, радиаторлар мен құбырлардағы ауаны шығарып, қысымды теңестіреді және пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді қала әкімдігі.

Тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу 10 қазаннан басталады.

«АлТС» компаниясының мәліметінше, қазір қалада жылу айналымының сынақ режимі іске қосылған, бұл қажет болған жағдайда барлық ауданға жедел түрде жылу беруге мүмкіндік береді.

«Мүмкін болатын ақауларға жедел әрекет ету үшін материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры құрылды», – деп хабарлады кәсіпорын өкілдері.