«Молаға апарып, ұрып-соқты»: Түркияға тур бойынша жарнама жасаған блогер оңбай жараланды

Автор: Асыл Арман

Ол өзіне жасалған шабуылдан бет-ауызы көгеріп, көзінің айналасы тігілгенін айтты

Фото: instagram.com/kuralaaiym/

Жаңадан танылып келе жатқан блогер Құралай Болатова Түркияға тур аламын деп танысының алаяқтығына ұшырағанын, соңында оңбай соққыға жығылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Блогердің айтуынша, оқиғаның басы танысының Түркияға тур бойынша жарнама жасап беруінен басталған.

«Мені алдап, кейін ұрып-соғып, қорқытып, қорлаған адамдар туралы үнсіз қала алмай отырмын… Бәрі Айдана Ақмұрзиева деген қыздан басталды. Ол маған: «Ыстамбұлға тур ұйымдастырып жатырмын, жарнама жасап берші» деді. Таныс адам болған соң сеніп, сториске салып бердім.

Сол стористі көрген адамдар мен арқылы тур жайлы сұрап, оған ақша жібере бастады. Мен де қызығып, өзім бармақ болдым. Айдана Ақмұрзиеваға 100 000 теңге алдын ала төлем жасадым. Бірақ… уақыты келгенде не билет жоқ, не тур жоқ.

Айдана Ақмұрзиева түрлі сылтау айтып, ақшаны «Әсем» деген адамға жібердім деп алдады. Кейін сол Әсеммен өзім сөйлесіп, оның бұл іске мүлде қатысы жоқ екенін білдім. Сонда ғана бәрін өтірік ұйымдастырғанын түсіндім», – дейді блогер.

Ол осыдан кейін ақшасын қайтаруды талап еткенін, нәтижесінде тек 3 қазан күні ғана қайтара алғанын жеткізді. Ал есесіне сол күні кешке Айдана Ақмұрзиевада түрлі қоқан-лоқылар жасалған көрінеді.

«Маған WhatsApp арқылы жазып, балағаттап, қорқытып, «ұятсыз видеоларыңды таратып жіберемін» деп қоқан-лоқы жасады. Сол түні туған күнге барған едім. Сол кештен шығып үйге бара жатқанымда оның құрбысы Ақбота Нұғманова екеуі келіп, «сөйлесеміз» деп алдап, мені көлікке отырғызып, айдалаға молаға апарып ұрып-соғып, теуіп, кейін қансырап жатқан күйімде өздерімен бірге мені Айдана Ақмұрзиева өзінің құрбысы Ақбота Нұғманованың үйіне алып кетті…

Қазір денемде сау жер жоқ. Психологиялық жағынан да өте ауыр соққы алдым. Келесі күні мен бұл адамдардың үстінен полицияға арыз жаздым.

Мен әділдік орнағанын қалаймын. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды. Мен ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Бірақ мені алдап, қорқытып, ұрып-соққан адамдар жазасыз қалмасын! Әділдік орнасын. Заң бәріне бірдей болсын. Бөлісіңіз, адамдар білсін – кімге сенуге болмайтынын», – деп жазды блогер Құралай Болатова.