Оқыс оқиға 6 қазан күні болды
Астана – Қабанбай батыр – Теміртау тасжолында полицейлер HOWO маркалы жүк көлігін жалған нөмірмен және жүргізуші куәлігінсіз жүргізген ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
6 қазан күні сағат 12:35 шамасында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қиыршық тасты қоспа тиеген жүк көлігін тоқтатқан.
Тексеру кезінде жүргізушінің бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны және осыған ұқсас бұзушылық үшін қыркүйекте де жауапқа тартылғаны анықталды.
Полиция дерегінше, көліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірі көліктің маркасы мен түсіне сәйкес келмеген. Жүргізуші көлікті техникалық жағдайын тексеру үшін айдап шыққанын айтқан.
Ал көлік иесі көлікті ауыстырғанын, бірақ құжаттарды ресімдемей, ескі нөмірді пайдаланғанын түсіндірді.
Түсініктемелерге қарамастан, HOWO жүк көлігі тәркіленіп, арнайы айыптұраққа жеткізілді.
Оқиғаға қатысты материалдар сотқа жолданды.
«Мұндай жағдайлар техникалық бақылауды күшейту мен заңнаманы сақтау қажеттігін көрсетеді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар жалғасады», – деді Ақмола облыстық ПД патрульдік полиция ротасы 1-взводының уақытша командирі Жангелді Әлібеков.