«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 152 млн теңге ұрланған: іс сотқа жолданды

Автор: Асыл Арман

Сот санкциясымен күдіктілердің 100 млн теңгеден астам құны бар мүлкіне қол қойылды

Фото: Видеодан скрин

Ақмола облысында әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй кезегін қысқартуға бағытталған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджеттік қаржыны жымқыру бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2020 жылы «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС арасында құрылыс саласында мемлекеттік сатып алу жұмыстарына 500 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.

Алайда мердігер 3 жыл бойы құрылыс бөлімі басшысының көмегімен іс жүзінде орындалмаған, көлемі мен құны өсірілген жалған қабылдау актілерін берген.

Заңсыз әрекеттер нәтижесінде 152 млн теңге көлемінде зиян келтірілді.

«Сот санкциясымен күдіктілердің 100 млн теңгеден астам құны бар мүлкіне қол қойылды. Мердігерге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.