Петропавлда қаңғыбас иттердің шабуылы жиілеп кетті: биыл 50-ден астам адам зардап шеккен

Автор: Асыл Арман

Адамдарды қаңғыбас иттерден қорғау мәселесі талқыланды

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Петропавлда қаңғыбас иттердің адамдарға шабуыл жасауы жиілеп кетті. Зардап шеккендер арасында балалар да бар. Азаматтардың қаңғыбас жануарлардан қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды уақытша ұстауға арналған орын салу туралы мәселелер «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы өңірлік даму кеңесінің отырысында көтерілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осы жылдың өзінде облыс орталығында жануарлардың адамдарға шабуыл жасауы бойынша 53 жағдай тіркелген. Олардың арасында балалар да бар. Бұл жөнінде Петропавл қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Жақсылық Байбосынов айтты.

«Оқиғалардың негізгі бөлігі тұрғын үйлердің аулаларында, мектептер мен балабақшалардың маңында тіркеледі. Қаңғыбас иттер топтасып, адам өмірі мен денсаулығына – әрі физикалық, әрі психологиялық тұрғыда қауіп төндіреді. Сонымен қатар, екпеден өтпегендіктен, олар құтыру, бруцеллёз, туберкулёз сияқты қауіпті ауруларды таратады», – деп атап өтті ол.

Жақсылық Байбосыновтың айтуынша, полиция азаматтардың барлық өтініштеріне жауап береді. Алайда жануарлар санын реттеуге арналған кешенді бағдарлама болмаса, күштік шаралар жеткіліксіз. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қаңғыбас жануарларды өлтіруге тыйым салды. Алайда оларды зарарсыздандыру мен ұстауға арналған қажетті инфрақұрылым әлі күнге дейін құрылмаған.

Жиын барысында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Юлия Пронина кейбір адамдар үй жануарларын далаға тастап кететінін айтты. Сондай-ақ, оларды бақылау жүйесі жолға қойылмаған. Ол үй жануарларын міндетті түрде чиптеу мен есепке алуды енгізуді ұсынды.

«Реновация мен су тасқынынан кейін жүздеген адам өз жануарларын қаңғыртып жіберді. Енді қалада иттер қаптап жүр. Біз бұл мәселені үнемі талқылаймыз, бірақ ештеңе өзгермейді. Бақылауды күшейту, айыппұл салу, мектептерде және ата-аналар жиналыстарында жауапкершілік туралы айту қажет. Полиция да бұл іске араласуы керек – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігіне айналуы тиіс», – деді Юлия Пронина.

Өңірлік даму кеңесі төрағасының орынбасары Владимир Витченко міндетті чиптеу бойынша заңнамалық норма болмаған жағдайда әкімшілік жаза қолдану мүмкін емес екенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда бұл шара ерікті сипатта, сондықтан жануар иелеріне айыппұл салу заң жүзінде мүмкін емес.

Петропавл қаласында қаңғыбас жануарларды ұстау мен бақылауға жыл сайын шамамен 69 миллион теңге бөлінеді. Алайда бұл қаражаттың өзі ең аз дегенде қажетті штаттың жұмысын қамтамасыз етуге әрең жетеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов мәлімдеді. Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, бөлінген қаражат үш ветеринар, екі жүргізуші, бір аулаушы және пешке жауапты бір қызметкерден тұратын шағын ғана топтың шығынын өтейді.

Одан бөлек, жануарларды тасымалдауға арналған екі арнайы көліктің біреуі апатты жағдайда, ал бұл жұмыстың тиімділігін одан әрі төмендетіп отыр. Жеңіс Асановтың айтуынша, бұл салаға қосымша қаржы құю – мәселені шешудің жалғыз жолы емес. Егер жануарларды зарарсыздандыру және уақытша ұстауға арналған қызметтер нарығы құрылмаса, қанша қаражат бөлінсе де нәтиже болмайды.

«Егер ертең жүз миллион теңге берілсе де, мәселе шешілмейді. Бұл іспен айналысатын компаниялар жоқ – лицензия, жабдық жоқ, жаңа стандарттар бойынша қалай жұмыс істеу керектігін түсінбейді. Біз керісінше әрекет етуіміз керек: ұсыныстар дайындап, бизнес өкілдерін тарту, олардың бұл салаға кіруіне көмектесуіміз қажет», – деді Жеңіс Асанов.

Жеңіс Асанов ветеринария басқармасы партиямен бірлесе отырып, шағын бизнесті дамытуға қажетті бағыттар мен қажеттіліктер тізімін әзірлеуді ұсынды. Ал партия өз кезегінде бұл мәселені мәслихаттағы фракция деңгейінде қолдауды және алға жылжытуды өз мойнына алмақ.

«Біз мұндай қызметке инвестиция салуға дайын кәсіпкерлерді қолдай аламыз және көмектесуіміз керек. Мемлекет тарапынан тапсырыс болады – кәсіпкерлер тұрақты жұмысқа ие болады. Бұл – ұзақмерзімді перспектива. Ал біз осы жүйені жолға қоймайынша, бөлінетін қандай да бір бюджеттер мәселені шеше алмайды. «AMANAT» партиясы бұл мәселенің жүйелі түрде алға жылжуына қол жеткізетін болады», – деп атап өтті ол.

Жануарларды уақытша ұстау пунктін салу мәселесі де талқыланды. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Марлен Сандыбеков атап өткендей, осы мақсатқа арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын. Алайда 2025 жылғы 24 қыркүйектегі Үкімет қаулысына сәйкес жаңа ғимараттар салуға және сатып алуға енгізілген мораторий жобаны биыл жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда барлығы қаржылық мүмкіндіктерге байланысты. Бұл тақырыпқа тараптар бір айдан кейін қайта оралып, егжей-тегжейлі талқыламақ.