Қарағанды облысында екі ер адам түнгі уақытта күтпеген жерден ұсталып қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Олар заңсыз аң аулады деген күдікпен ұсталды

Фото: Қарағанды облысы ПД

Қарағанды облысында түнгі рейд кезінде табиғат қорғау полициясы мен «Карохотрыбпром» серіктестігінің қызметкерлері заңсыз аң аулауға қатысы бар деген күдікпен екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнгі сағат екі шамасында болған. Қарағандының 48 және 40 жастағы екі тұрғыны орманда заңсыз аң аулап жүрген жерінен қолға түсті.

Тексеру барысында олардың аңшылыққа лицензиясы бар екені анықталды, алайда оны егерьлерге тіркетпеген. Бұл – аңшылық ережелерін өрескел бұзу саналады. Себебі лицензияны тіркеу аң аулау квоталарын бақылау және браконьерліктің алдын алу үшін міндетті.

«Оқиға орнын қарау кезінде полиция қызметкерлері екі еліктің етін, сондай-ақ аң атқан кезде пайдаланылған бір ұңғылы мылтық пен оқ-дәрілерді тәркіледі», – делінген ІІМ хабарламасында.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.